Ақпараттық хабарлама

23 маусым, 2017

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «Шелл Қазақстан» және «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды    

Астана қ., 23 маусым 2017 жыл. Кеше «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аумағында «Шелл» концерні павильонында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ («ҚМГ БӨ»), «Шелл Қазақстан Б.В.» («Шелл») және «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС (ӨБТ ҒЗИ) ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойды.
Құжатқа ҚМГ БӨ бас директоры Құрманғазы Есқазиев, Апстрим Вице-президенті мен «Шелл» концернінің Қазақстандағы Төрағасы Данкан ван Берген және ӨБТ ҒЗИ бас директорының бірінші орынбасары Дэвид Джон Сзабо қол қойды.
Меморандум шеңберінде ҚМГ БӨ және «Шелл» мұнай-газ саласындағы түрлі бірлескен жобалар бойынша ынтымақтастықты дамытып, нығайтуға ниетті. Компаниялар ҚМГ БӨ компаниялары тобы алдында тұрған стратегиялық міндеттерді шешуге жәрдемдесу мақсатында мұнай-газ саласындағы бірқатар бастамаларды зерттеп, мүмкіндігінше оларды іске асыруға ниет білдіреді.  Бұл ретте, ӨБТ ҒЗИ осы бастамаларды іске асырудың мүмкіндіктерін талқылау барысында консультациялық қолдауды қамтамасыз ете алады.  
Атап айтқанда, ҚМГ БӨ және «Шелл» ҚМГ БӨ компаниялары тобының таңдалған кен орындарында мұнайдың берілуін, өндірістің тиімділігін арттыру бойынша тәсілдерді жүзеге асыру мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуге ниетті. Сондай-ақ, бұл ҚМГ БӨ-нің кейбір жобаларына техникалық-экономикалық бағалау жүргізу кезінде қолдау көрсетуге де байланысты.
Меморандум шеңберінде ҚМГ БӨ компаниялары тобының қызметкерлері үшін тәжірибе алмасу, оқыту курстары мен түрлі тағылымдамалар ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар әзірлеу де қарастырылады.
Меморандумға қол қою қорытындылары бойынша әрбір тараптың өкілдері сөз сөйлеп, тәжірибелік ынтымақтастық және нақты бірлескен жобалар үшін үлкен әлеуеттің негізін қалайтын осы құжаттың маңыздылығын атап өтті.   
Қол қою рәсімінен кейін ҚМГ БӨ басшысы Құрманғазы Есқазиев былай деді: «Біздің ынтымақтастық аясына геологиялық барлау мен өндіру, кен орындарында мұнайдың берілуін арттыру және зертханалық зерттеулер жүргізу саласында техникалық консультациялық қолдау көрсету кіреді. Біз  мұнай өндірудің, ҚМГ БӨ компаниялары тобының таңдалған кен орындарында мұнайдың берілуін арттырудың озық тәсілдерін іске асырудың мүмкіндіктерін бірлесіп зерттеуге ниет білдіріп отырмыз».
Өз кезегінде, Апстрим Вице-президенті мен «Шелл» концернінің Қазақстандағы Төрағасы Данкан ван Берген былай деп атап өтті: «Біз ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасымен және ҚазМұнайГаз компаниясымен қалыптасқан өзара тығыз әріптестік қарым-қатынастарды жоғара бағалаймыз. Осы Меморандумның арқасында елдің мұнай-газ секторының дамуына қосымша үлес қосатынымызға қуаныштымыз. Біз қазақстандық кен орындарында мұнайдың берілуін жақсарту саласындағы мүмкіндіктерді зерттеу үшін өзіміздің озық техникалық тәжірибемізбен бөлісіп, қолдау көрсетуге дайынбыз».

 АНЫҚТАМА

ҚМГ БӨ 2016  жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстан көшбасшылардың үштігіне кіреді. 2016 жылы компанияның өндіру көлемі «Қазгермұнай» БК» ЖШС мен CCEL («Қаражанбасмұнай» АҚ) және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерді есептегенде, 12,2 млн. тоннаны (тәулігіне 245 мың баррель) құрады. ҚМГ БӨ бірлескен кәсіпорындардағы үлесін есептегенде,  2016 жылдың соңындағы жағдай бойынша дәлелденген және болжамды қорларының көлемі 182 млн. тоннаны (1 327 млн. баррель) құрады. Компанияның  акциялары Қазақстан Қор Биржасында, ал ғаламдық депозитарлық қолхаттары – Лондонның Қор Биржасында листингтен өтті. 2006 жылғы қыркүйекте ІРО кезінде Компания 2 млрд.  астам АҚШ долларын тартты.

 «Шелл» – энергетикалық және мұнай-химия компанияларын біріктіретін халықаралық концерн, штаб-пәтері Нидерланд, Гаага қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта «Шелл» Қазақстанның экономикасына инвестиция салатын ең ірі шетел инвесторларының бірі. «Шелл» концерні төрт жобаға қатысады. Бұл – Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (қатысу үлесі 16.81%), Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Жемчужина» лицензиялық учаскесін игеру бойынша бөлу туралы келісім (қатысу үлесі 55%), Қарашығанақ кен орны өнімін бөлу туралы нақты келісім («Би Джи Групп» арқылы қатысу үлесі 29.25%) және қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізетін Каспий Құбыр Консорциумы (қатысу үлесі  7.4%).

Байланыстық ақпарат:

«ҚМГ БӨ» АҚ, Жұртшылықпен байланыс (+7 7172 97 78 87)
Бақдәулет Төлеген
e-mail: pr@kmgep.kz

«ҚМГ» БӨ АҚ, «Шелл Қазақстан» және «ҚазМұнайГаз» өндіру және бұрғылау технологиялары ғылыми-зерттеу институты» ЖШС ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды .pdf (141 Кб) Көшіріп алу
Наверх