Баспасөз хабарламалары

15 қаңтар, 2019

2019 жылдың 31 қаңтарында ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларын жаппай кері сатып алу бағдарламасы аяқталады   

Астана, 15 қаңтар 2019 ж.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (бұдан әрі – «Компания», «ҚМГ БӨ») Компанияның артықшылықты акцияларын жаппай кері сатып алу бағдарламасы 2019 жылдың 31 қаңтарында аяқталатынын ескертеді.

2019 жылдың 31 қаңтарынан кейін «Қазпошта» АҚ бөлімшелері ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларының ұстаушыларынан оларды кері сатып алуға өтінімдерді қабылдамайтын болады.

KASE-де Компанияның артықшылықты акцияларын сатып алу бойынша ақтық арнаулы сауда-саттық 2019 жылдың 14-ші және 30-шы қаңтар аралығында өтеді, ал есеп айырысудың соңғы күні 2019 жылдың 31 қаңтарында болады.

2019 жылдың 31 қаңтарында KASE-де соңғы есеп айырысу өткеннен кейін  ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларын сатып алу бағдарламасы толық жабылады.

Компанияның артықшылықты акцияларын кері сатып алу бағдарламасы 2018 жылдың 13 тамызында бір артықшылықты акция үшін 12 800 теңге бағасымен іске қосылған болатын, сол сәтте бұл KASE-дегі артықшылықты акциялардың 30 күндік орташа нарық бағасының 24,4%-дық сыйақыны құрады.

Бастапқыда бағдарламаның аяқталу мерзімі 2018 жылдың 16 қарашасына белгіленген болатын, кейіннен Компанияның артықшылықты акцияларының шағын пакеттерін ұстаушыларынан келіп түскен өтініштердің көптігіне байланысты 2019 жылдың 31 қаңтарына дейін ұзартылды.

Осы күнге дейін артықшылықты акциялардың 1 143 251 данасын кері сатып алуға 5 461 өтінім берілді. Артықшылықты акциялар ұстаушыларына төленген ақша қаражатының жалпы сомасы 14 633 612 800 теңге болды.  

ҚМГ БӨ артықшылықты акцияларын сатып алу бағдарламасы енді ұзартылмайды. Артықшылықты акцияларды кері сатып алу бағдарламасы аяқталғаннан кейін Компания бірден «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобын қайта құрылымдау шеңберіндегі бұдан арғы іс-қимылдарына, соның ішінде ҚМГ БӨ субхолдингтік құрылымын таратуға кіріседі.

Сатып алу бағдарламасы аяқталғаннан кейін Компанияның артықшылықты акциялары қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзім ішінде KASE-ден шығарылады. KASE-ден артықшылықты акциялардың делистингі олармен жасалатын мәмілерге салық салудың өзгерісіне әкеледі.

Компания тарапынан артықшылықты акцияларға тұрақты сұранысының жоқтығына байланысты 2019 жылдың 31 қаңтарынан кейін KASE-дегі артықшылықты акциялардың бағасы едәуір өзгеруі, яғни төмендеп кетуі мүмкін.

ҚМГ БӨ артықшылықты акциялары «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның болуы ықтимал IPO-сы шеңберінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларына ауыстырылмайды.

Компания артықшылықты акциялардың ұстаушыларына сатып алу бағдарламасына белсенді қатысқандары үшін алғыс білдіреді.

Кері сатып алу бағдарламасына әзірге қатыспаған, бірақ қатысуға ниеті бар артықшылықты акциялардың ұстаушылары бұған дейін кері сатып алу бағдарламасының тиісті меморандумында жарияланған рәсімдерге сәйкес  (http://kmgep.kz/rus/investor_relations/offer_for_redemption_of_prefer/), 2019 жылдың 31 қаңтарына дейін  «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жүгінулері тиіс.

Артықшылықты акциялардың ұстаушылары барлық туындаған сұрақтары жөнінде мына телефондар бойынша хабарласа алады:

«Қазпошта» АҚ бірыңғай байланыс орталығы, 1499

«Қазпошта» АҚ, +7 7172 61 16 99, ішкі 1144

«ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, + 7 7172 97 75 79, e-mail: ir@kmgep.kz

«SkyBridge Invest» АҚ, брокерлік қызмет көрсету, + 7 727 331 33 50, ішкі 318.

Компания мен артықшылықты акциялардың ұстаушылары арасындағы бұдан кейінгі өзара қатынастар сатып алу бағдарламасынан тыс жүргізіледі және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Наверх