Баспасөз хабарламалары

05 қараша, 2015

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2015 жылдың алғашқы тоғыз айының қаржылық нәтижелері

Астана, 5 қараша 2015 жыл. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (бұдан былай «ҚМГ БӨ», «Компания») 2015 жылдың 30-шы қыркүйегінде аяқталған тоғыз айға арналған қысқартылған, топтастырылған, аралық қаржылық есепті жариялайды.

  • 2015 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайда 138 млрд. теңгені (703 млн. АҚШ доллары)[1] құрады, бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәйкес кезеңінде 242 млрд теңге (1 357 млн АҚШ доллары) болған. Таза пайданың азаюы мұнай бағасының арзандауына қатысты кірістің кемуімен байланысты, алайда, таза пайданың төмендеуі теңгенің долларға шаққандағы бағамының артуына қатысты түскен пайдамен жартылай теңгерілді.
  • 2015 жылдың алғашқы тоғыз айындағы ақша түсімі 349 млрд. теңгені (1 783 млн. АҚШ долларын), құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 49% төмен. Ақша түсімінің азаюы Брент маркалы мұнай бағасының 48%-ға арзандауына, ал ішкі нарыққа жөнелтілетін шикізат бағасының 50%-ға, 2014 жылдың алғашқы тоғыз айындағы тоннасына 48 мың теңгеден 2015 жылдың сәйкес кезеңінде тоннасына 23,8 мың теңгеге дейін төмендеуіне байланысты.
  • Компания бағам айырмашылығынан 262 млрд теңге кіріс көрді.
  • 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында өндірістік шығыстар 160 млрд. теңгені (817 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11% жоғары. Бұл негізінен өндірістік құрылымдардағы қызметкерлердің сыйақысын ұлғайтуға байланысты шығындардың көбеюімен түсіндіріледі.

Өндірістік көрсеткіштер

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ «Қазгермұнай» БК» ЖШС (ҚГМ), CCEL (CCEL) және «ПетроҚазақстан Инк.» (ПҚИ) компанияларындағы үлестерін есептегенде, 9 245 мың тонна (тәулігіне 251 мың баррель) мұнай өндірді, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,3% артық.

«Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) 4 115 мың тонна (тәулігіне 111 мың баррель) өндірді, бұл 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3% артық. «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ) 2 104 мың тонна (тәулігіне 57 мың баррель) өндірді, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 6 мың тоннаға (тәулігіне 0,2 мың баррель) кем. Нәтижесінде ӨМГ мен ЕМГ жалпы өндіру көлемі 6 219 мың тоннаны (тәулігіне 168 мың баррель) құрады, бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%  артық.

ҚМГ БӨ-нің CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларындағы өндіру үлесі 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 3 026 мың тоннаны (тәулігіне 83 мың баррель) құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңіндегімен салыстырғанда 3%-ға кем және ПҚИ компаниясындағы өндіру көлемінің жоспарлы кемуімен байланысты.

Мұнай мен мұнай өнімдерін сату

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ӨМГ және ЕМГ мұнай және мұнай өнімдерін сату көлемі 6 117 мың тоннаны (тәулігіне 162 мың баррель) құрады, оның 3 303 мың тонна мұнайы (тәулігіне 87 мың баррель) экспортқа, 1 898 мың тонна  (тәулігіне 50 мың баррель) мұнай мен мұнай өнімдері ішкі нарыққа, және 916 мың тонна (тәулігіне 24 мың баррель) мұнай Ресейге[2] жөнелтілді.

Ішкі нарыққа жөнелтілген 1 898 мың тонна (тәулігіне 50 мың баррель) мұнай мен мұнай өнімдерінің 1 715 мың тоннасы (тәулігіне 45 мың баррель) Атырау мұнай өңдеу зауытына ӨМГ мен ЕМГ қорынан жеткізілді, 140 мың тоннасы (тәулігіне 4 мың баррель) ЕМГ қорынан Павлодар мұнай-химия зауытына жөнелтілді. Сонымен қатар, 43 мың тонна (тәулігіне 1,2 мың баррель) мұнай өнімдері ішкі нарыққа сатылды.

Энергетика министрлігінен алынған мұнай тасымалдау кестесіне сәйкес, 2015 жылдың қаңтар-қараша айларында ҚМГ БӨ ішкі нарыққа 2 346 мың тонна (тәулігіне 47 мың баррель) мұнай жөнелтуі тиіс. Энергетика министрлігі ӨМГ мен ЕМГ компанияларының желтоқсан айында ішкі нарыққа жөнелтетін мұнай көлемін белгілеуі мүмкін екенін ескере отырып, 2015 жылға жоспарланған ішкі нарыққа сатылатын мұнай көлемі артуы ықтимал. Бұған дейін ішкі нарыққа 2 340 мың тонна (тәулігіне 47 мың баррель) мұнай жеткізіледі деп жоспарланған болатын.

ҚМГ БӨ компаниясының CCEL, ҚГМ және ПҚИ компанияларының мұнай сатылымындағы үлесі компаниялардың жалпы сату көлемінің 43%-ын құрайтын экспортқа шығарылған 1 285 мың тоннаны (тәулігіне 34 мың баррель) қоса есептегенде, 2 974 мың тоннаны (тәулігіне 81 мың баррель) құрады. Ішкі нарыққа жеткізілімдер 1 620 мың тоннаны (тәулігіне 45 мың баррель) құрады, оның 1 097 мың тоннасы (тәулігіне 31 мың баррель) Павлодар мұнай-химия зауытына, 363 мың тоннасы (тәулігіне 10 мың баррель) Шымкент мұнай өңдеу зауытына, 44 мың тоннасы (тәулігіне 1 мың баррель) Атырау мұнай өңдеу зауытына, және 116 мың тоннасы (тәулігіне 3 мың баррель) Ақтау битум зауытына жөнелтіледі. Ресейге өзара жеткізілім шарттары бойынша 70 мың тонна (тәулігіне 2 мың баррель) жөнелтілді.

Кезеңдегі таза пайда

2015 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайда 138 млрд. теңгені (703 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәйкес кезеңінде 242 млрд теңге (1 357 млн АҚШ доллары) болған. Таза пайданың азаюы мұнай бағасының арзандауына қатысты кірістің кемуімен байланысты, алайда, таза пайданың төмендеуі теңгенің долларға шаққандағы бағамының артуына қатысты түскен пайдамен жартылай теңгерілді.

Ақша түсімі

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ақша түсімі 349 млрд. теңгені (1 783 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 49% кем. Ақша түсімінің азаюы Брент маркалы мұнай бағасының 48%-ға арзандауына, ал ішкі нарыққа жөнелтілетін шикізат бағасының 50%-ға, 2014 жылдың алғашқы тоғыз айындағы тоннасына 48 мың теңгеден 2015 жылдың сәйкес кезеңінде тоннасына 23,8 мың теңгеге дейін төмендеуіне байланысты.

Ішкі нарыққа сатылатын мұнайдың бір тоннасының  бағасы 2015 жылдың алғашқы жарты жылдығында Атырау мұнай өңдеу зауытына тоннасына  22,4 мың теңге, Павлодар мұнай-химия зауытына 30,0 мың теңгені құрады. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап ішкі нарыққа сату бағасы Атырау мұнай өңдеу зауытына 24,0 мың теңге, ал Павлодар мұнай-химия зауытына 32,0 мың теңге болды. 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап Атырау мұнай өңдеу зауытына тоннасына 26,8 мың теңгеге дейін, Павлодар мұнай-химия зауытына 34,2 мың теңгеге дейін көтерілді.

2015 жылдың қазан-желтоқсан айларында ішкі нарыққа сатылатын шикізат бағасы 2015 жылдың қыркүйек айында бекітілген бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен болуы мүмкін деген қауіп бар.

Ішкі нарыққа сатылатын мұнай бағасын әлі тәуелсіз директорлар бекітуі тиіс.

Өндірістік шығындар

Өндірістік шығындар 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 160 млрд. теңгені (817 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 11% жоғары. Бұл негізінен өндірістік құрылымдардағы қызметкерлердің сыйақысын ұлғайтуға байланысты шығындардың көбеюімен түсіндіріледі.

Қызметкерлерге сыйақы төлеу шығындары 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артты. Өсу негізінен 2015 жылдың қаңтар айынан бастап өндірістік жұмыскерлер айлық жалақысының 7%-ға индексациялануы, 2014 жылдың сәуір айынан бастап өндірістік қызметкерлерге қатысты Бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесінің енгізілуіне, теңге девальвациясына байланысты  2014 жылдың сәуір айынан бастап жалақының 10% артуына, 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап көмекші өндірістік қызметкерлер сыйақысының  25%-дан 33%-ға дейін артуына байланысты.

Сату шығындары және әкімшілік шығындар

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында сату шығындары және әкімшілік шығындар 90 млрд. теңгені (461 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20%-ға артық, негізінен бұл айыппұлдар мен өсімпұлдарды төлеуге байланысты, алайда аталған шығындар экспорттың азаюына қатысты көлік шығындарының кемуімен жартылай теңгерілді. 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 22 млрд теңге (114 млн АҚШ доллары) көлемінде айыппұлдар мен өсімпұлдар төленді, оның 19 млрд теңгесі (99 млн АҚШ доллары) 2009-2012 жылдарға арналған салық тексерісінің нәтижесіне байланысты.

Табыс салығынан басқа салықтар

Табыс салығынан басқа салықтар 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 132 млрд. теңгені (672 млн. АҚШ долары) құрады, бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 51% кем. Ренталық салық пен пайдалы қазбаларды өндіру салығы шығындарының азаюы Брент маркалы мұнайының 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48%-ға арзандауына және экспортқа шығарылатын өнім көлемінің кемуіне байланысты. Экспорттық кеден салығы шығындарының азаюы экспортқа шығарылатын өнім көлемінің кемуіне, және 2015 жылдың 19 наурызынан экспорттық кеден салығының 80 АҚШ долларынан 60 АҚШ долларына дейін төмендеуіне байланысты.

Бұған қоса, 2015 жылдың үшінші тоқсанында 2009-2012 жылдарға арналған салық тексерісінің  нәтижесінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша 12,8 млрд теңге (65 млн АҚШ доллары) көлемінде қосымша төлем есептелді, оның 6,1 млрд теңгесі (31 млн АҚШ доллары) салық резерві ретінде есептелді.

Салық бойынша резерв (провизия)

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында Компания 2009-2012 жылдарға арналған кешенді салық тексерісінің нәтижесіне байланысты 53 млрд теңге көлемінде салық резервін есептеді. (төменде «2009-2012 жылдарға арналған кешенді салық тексерісін» қараңыз).

Операциялық қызметтен ақша ағымдары

Операциялық қызметтен таза ақша ағымдары 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 14,9 млрд. теңгені (76 млн. АҚШ доллары) құрады,  2014 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 250 млрд. теңге (1 404 млн. АҚШ доллары) болған. Бұл кірістің кемуіне байланысты.

Күрделі салымдар

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында күрделі салымдар[3]  75 млрд. теңгені (384 млн. АҚШ доллары) құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 18%-ға кем. Бұл өндіріс қуатын сақтап тұруға бағытталған күрделі салымдардың азаюына және эксплуатациялық бұрғылау көлемінің кемуіне байланысты. ӨМГ мен ЕМГ-де былтырғы 248 ұңғымамен салыстырғанда 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 238 ұңғыма бұрғыланды.

Ақша қаражаттары және займдар

2015 жылдың 30 қыркүйегінде ақша қаражаттары мен олардың баламаларының сомасы 2014 жылдың 31 желтоқсанындағы 180 млрд. теңгемен (1,0 млрд. АҚШ доллары) салыстырғанда, 141 млрд. теңгені (0,5 млрд. АҚШ доллары) құрады. 2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі басқа да қаржы активтерінің сомасы 2014 жылдың 31 желтоқсанындағы 554 млрд. теңгемен (3,0 млрд. АҚШ доллары) салыстырғанда, 807 млрд. теңгені (3,0 млрд. АҚШ доллары) құрады.

2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша ақша қаражаттары мен қаржы активтерінің 96%-ы шетел валютасында (негізінен АҚШ доллары), ал 4%-ы теңгеде қайта номинацияланды. Ақша қаражаттары мен қаржы активтері бойынша есептелген қаржылық кіріс 2014 жылдың сәйкес кезеңіндегі 16 млрд теңгемен (90 млн АҚШ доллары) салыстырғанда, 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында 18 млрд. теңгені (93 млн. АҚШ доллары) құрады.

2015 жылдың 30 қыркүйегінде займдардың сомасы 2014 жылдың 31 желтоқсанындағы 7,2 млрд. теңгемен (40 млн. АҚШ доллары) салыстырғанда, 9,7 млрд. теңгені (36 млн. АҚШ доллары) құрады.

Таза ақша қаражаттарының сомасы[4]  2014 жылдың 31 желтоқсанындағы 727 млрд.теңгемен (4,0 млрд.АҚШ доллары) салыстырғанда, 2015 жылдың 30 қыркүйегінде 938 млрд. теңгені (3,5 млрд. АҚШ доллары) құрады.

Бағам айырмашылығынан түскен табыс

2015 жылдың 20 тамызында Үкімет пен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі теңгенің еркін бағамына көшу туралы шешім қабылдады. Бұдан кейін теңге/АҚШ доллары бағамы бір айдың ішінде шамамен 50% көтерілді. Нәтижесінде 2015 жылдың алғашқы алты айында Компания бағам айырмашылығынан 262 млрд теңге (1 336 млн АҚШ доллары) көлемінде табыс көрді, себебі девальвация болған уақытта ақша қаражатты мен қаржылық активтердің 90%-дан астамы шетелдік валютада деноминацияланған болатын.

Қауымдасқан компания мен бірлескен кәсіпорындардың нәтижелеріндегі үлес

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында қауымдасқан компания мен бірлескен кәсіпорындардағы үлестерден болған шығын 3,5 млрд. теңгені (18 млн. АҚШ доллары) құрады, 2014 жылдың алғашқы тоғыз айында керісінше 49 млрд теңге (273 млн АҚШ доллары) көлемінде табыс түскен болатын.

Қазгермұнай  

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ ҚГМ компаниясындағы үлесінен 7,9 млрд. теңге (40 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кірісті есебіне енгізді. Аталған сома ҚГМ таза пайдасындағы Компанияның 8,2 млрд. теңге (42 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі 50% үлесін көрсетеді,  бұл сома 0,3 млрд. теңге (2 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі кейінге шегерілген салық бойынша тиісінше үнемдеу және лицензияның әділ құнына амортизация әсерін алып тастағанда шығады.

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚГМ таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78%-ға кеміді, бұл Брент маркалы мұнайдың 48%-ға арзандауына, және экспорттық сауда көлемінің 23%-ға азаюына байланысты. Сонымен қатар, 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚГМ 2009-2012 жылдарға арналған салық тексерісінің нәтижесі бойынша 11 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептеді.

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ 62,5 млн АҚШ доллары көлемінде ҚГМ компаниясынан дивиденд алды.

ПетроҚазақстан Инк.

2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ ПҚИ компаниясындағы өзінің үлесінен 11,4 млрд. теңге (58 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі шығынды есебінде көрсетті. Аталған сома ПҚИ-дің таза шығынындағы Компанияның 6,6 млрд. теңге (34 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі 33% үлесінен 4,8 млрд. теңге (25 млн. АҚШ доллары) мөлшерінде лицензия әділ құнына амортизация әсерін алып тастағанда шығады.

Былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі 430 млн АҚШ доллары көлеміндегі таза пайдамен салыстырғанда, биыл ПҚИ компаниясының таза шығыны 102 млн АҚШ долларын құрады. Бұл экспорттық сату көлемінің 27%-ға азаюына, және Брент маркалы мұнай мен ішкі нарыққа жөнелтетін шикізат бағасының арзандауына байланысты.

CCEL

Компания 2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша өзінің балансында 27 млрд теңгені (99 млн. АҚШ долларын) қытайлық CITIC Resources Holdings Limited компаниясымен бірлесіп бақыланатын ССEL компаниясынан алынатын шот ретінде көрсетті. 2015 жылдың алғашқы тоғыз айында ҚМГ БӨ 26,87 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі ССЕL компаниясынан алынатын жылдық басымдықты кірістің бір бөлігін білдіретін 2,3 млрд. теңге (12 млн. АҚШ доллары) мөлшеріндегі пайыздық кірісті есептеді.

Салықтық және экологиялық тексерулер

2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша салықтық және экоголиялық тексерістер нәтижесінде Компанияға тапсырылған бірнеше талап болды. Анығырақ ақпарат 2015 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталған тоғыз айға арналған қысқартылған кешенді аралық қаржы есебінде көрсетілген.

Қайтарылатын қосымша құн салығы. 2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, 2012 жылы ӨМГ мен ЕМГ активтерін сатуға қатысты қайтарылуға тиісті қосымша құн салығы 46,6 млрд теңге болған. Түрлі салық тексерістерінен кейін салық органдары төленген сомалар қайтарылмайтынын анықтады. Компания қосымша құн салығының қайтарылуы бойынша салық заңнамасымен келіспей, сотқа шағымданды.

Бірінші инстанциялық сот, аппеляциялық сот пен кассациялық соттар бұл іс бойынша ӨМГ пайдасына шешім қабылдады. 2015 жылдың 28 шілдесінде салық органдары бірінші инстанциялық соттың шешіміне шағымданып Жоғарғы сотқа арызданды. Жоғарғы сот 2015 жылдың 7 қазанында бұған дейін ӨМГ пайдасына шешілген сот шешімдерін жоққа шығарды. Қазір ӨМГ аппеляциялық шағым дайындауда.

Атырау облысының мамандандырылған экономикалық соты 2015 жылдың 29 қаңтарында ЕМГ компаниясының қосымша құн салығының төлемін қайтару туралы шағымын қанағаттандырмады. 2015 жылдың 31 шілдесінде ЕМГ Атырау облыстық Кассациялық Коллегиясына шағымданды. 2015 жылдың 16 қыркүйегінде болған сот отырысыда Кассациялық Коллегия істі бірінші инстанциялық сотқа қайта қарауға жіберді.

Екі жағдайда да қосымша құн салығының төлемін қайтару бойынша Компания өз ұстанымын дәлелдейді деп санаған басшылық бұл сомаларды ұзақ мерзімді активтер санатына жатқызуды ұйғарды. Қосымша құн салығы тқлемінің қайта оралу мерзімін ескере отырып,  салық сомасы 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін 7,93% ставкасымен дисконтталды.

2009-2012 жылдарға арналған кешенді салық тексерісі. 2015 жылдың 2 қыркүйек күні Компания 2009-2012 жылдарға арналған кешенді салық тексерісінің нәтижесі бойынша 38,5 млрд теңгеге хабарлама алды. Оның 18,6 млрд теңгесі қосымша салық есептеуі, 9,7 млрд теңгесі өсімпұл және 10,2 млрд теңгесі айыппұл сомасы.

Компания басшылығының пікірінше, компанияның салық заңнамасын талдау тәсілі дұрыс, және салық мәселелері бойынша компанияның ұстанымы орынды, алайда, соңғы сот істері мен қазіргі жағдайды есепке ала отырып, басшылық қосымша салық есептеулері мен талаптар бойынша өз көзқарасын өзгертті.

2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі жағдай бойынша, салық бойынша резерв 53 млрд теңгені құрайды. Бұл сомаға 2009-2012 жылдарға арналған кешенді салық тексерісіне жататын 33 млрд теңге кіреді, оның 16 млрд теңгесі салыққа жатады, 17 млрд теңгесі айыппұлдар мен өсімпұлдар. Бұған қоса, Компания салық кеңесшілерімен бірлесе отырып, салық тексерісі қамтыған уақыт аралығына сараптама жасап, қосымша 20 млрд теңгені резерв ретінде есептеді. Бұл соманың 17 млрд теңгесі салық, және 3 млрд теңгесі өсімпұл.

Бұл сомалар жалпы табыс туралы есепте 27 млрд теңге (138 млн АҚШ доллары) көлеміндегі корпоративтік табыс салығы мен үстеме кіріс салығына, 6,1 млрд теңге (31 млн АҚШ доллары) көлеміндегі пайдалы қазбаларды өндіру салығына, және 19 млрд теңге (99 млн АҚШ доллары)  көлеміндегі жалпы және әкімшілік шығындардағы  айыппұлдар мен өсімпұлдарға қосымша төлем ретінде көрсетілген.

Компания салық тексерісінің нәтижелерімен келіспейді және 7 қыркүйек күні қосымша салық талаптарына шағымданып Мемлекеттік кірістер комитетіне аппеляция жолдады. Мемлекеттік кірістер комитетінің 2015 жылдың 28 қыркүйегіндегі шешімі бойынша әкімшілік айыппұл сомасы 10,2 млрд теңгеден 9,3 млрд теңгеге дейін азайтылды. Нәтижесінде, салық талабының сомасы 38,5 млрд теңгеден 37,6 млрд теңгеге дейін төмендеді. Аппеляция нәтижелерін күте отырып Компания басшылығы тиісті сот инстанцияларына шағымдануға дейін қамтитын келесі қадамдарын ойластырып жатыр.

***

2015 жылдың 30 қыркүйегінде аяқталған мерзімге арналған, тоғыз ай үшін қысқартылған топтастырылған аралық қаржылық есеп, сондай-ақ қаржылық жағдайдың талдауы мен қаржы-экономикалық қызметтің нәтижелері Компанияның веб-сайтында (www.kmgep.kz) жарияланады.

АНЫҚТАМА
ҚМГ БӨ 2014 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстанда көшбасшылардың үштігіне кіреді. 2014 жылы компанияның өндіру көлемі «Қазгермұнай» БК ЖШС мен CCEL («Қаражанбасмұнай» АҚ) және «ПетроҚазақстан Инк.» компанияларындағы үлестерді есептегенде, 12,3 млн. тоннаны (тәулігіне 250 мың баррель) құрады. ҚМГ БӨ үлесіндегі мұнайдың дәлелденген және болжамды қорларының көлемі 2014 жылдың соңындағы жағдай бойынша 177 млн. тоннаны (1 303 млн. баррель) құрады, оның 132 млн. тоннасы (981 млн баррель) «Өзенмұнайгаз» АҚ , «Ембімұнайгаз» АҚ және «Урал Ойл энд Газ» (Рожковское кеніші, Федоровский блогы) еншісінде. Компанияның  акциялары Қазақстан Қор Биржасында, ал ғаламдық депозитарлық қолхаттары – Лондонның Қор Биржасында листингтен өтті. 2006 жылдың қыркүйегіндегі ІРО кезінде Компания 2 млрд.  астам АҚШ долларын тартты.

Байланыстық ақпарат:
«ҚМГ БӨ» АҚ, Институционалдық инвесторлармен байланыс (+7 7172 97 54 33)
Әсел Қалиева
e-mail: ir@kmgep.kz

«ҚМГ БӨ» АҚ, Жұртшылықпен байланыс (+7 7172 97 79 08)
Елена Пак
e-mail: pr@kmgep.kz

Brunswick Group (+44 207 404 5959)
Кэрол Кэйбл
e-mail: KMGEP@brunswickgroup.com

Болашаққа қатысты мәлімдеме
Осы құжатта «болашаққа қатысты мәлімдеме» болып табылатын немесе есептелетін мәлімдеме қамтылған. Басқаларының арасындағы «санайды», «алдын ала бағалау бойынша», «күтіп отыр», «болжам бойынша», «ұйғарып отыр», «жоспарлап отыр», «ұйғарды», «болады» немесе «болуы тиіс» деген сөздерді қоса алғанда болашақты сипаттауға арналған терминология, не, әр жағдайда осыған ұқсас немесе пара-пар терминология, не талқылауға арналған сілтемелер, болашақ оқиғаның немесе ниеттің жоспарлары, мақсаттары, міндеттері келешекке қатысты мәлімдемені түсіндіруге арналған. Болашаққа қатысты аталған мәлімдеме тарихи фактілер болып табылмайтын барлық мәлімдемелерді қамтиды. Олар ниеттер, пікірлер туралы мәлімдемелерді және Компанияның солармен қатар қызметтің нәтижелеріне, қаржылық жағдайға, Компания жұмыс істеп отырған стратегиялар мен салалардың жойылымдылығына, перспективаларына, өсуіне қатысты күтулері туралы мәлімдемелерді шектеусіз қамитды. Өз тұрғысында болашаққа қатысты өтінімдер болуы мүмкін келешектегі оқиғалар мен жағдайаттарға қатысты болғандықтан тәуекелмен және белгісіздікпен байланысты. Болашаққа қатысты мәлімдемелер қызметтің болашақ нәтижелерінің кепілдігі болып табылмайды және Компания қызметінің іс жүзіндегі нәтижелері, қаржылық жағдайы және қызметін тоқтатуы және Компания жұмыс істейтін елдер мен салалардың дамуы осы құжатта сипатталған нұсқалардан айтарлықтай өзгеше болуы немесе осы құжатта қамтылған болашаққа қатысты мәлімдемелерге сәйкес жүзеге асуы мүмкін. Компания жаңа ақпараттар алудың, болашақ оқиғалардың немесе қандай да бір өзге де жағдайдың нәтижесінде болса да осы құжатта қамтылған салаға қатысты қандай да болмасын ақпаратты немесе болашаққа қатысты қандай да болмасын мәлімдемені жаңартуды жоспарламайды және ол жөнінде өзіне міндеттеме алмайды. Компания болашаққа қатысты мұндай мәлімдемелерде айтылған нәтижелерге қол жеткізілетіндігіне қатысты ешқандай мәлімдеме жасамайды, ешқандай растау бермейді және ешқандай болжам жарияламайды.


[1] Сомалар АҚШ долларына тек оқырмандарға ыңғайлы болуы үшін аударылған. Жиынтық кірістер туралы топтастырылған есеп пен ақша қаражатының қозғалысы туралы жиынтық есеп үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбас бағамы (2015 жылдың  9 айында және 2014 жылдың 9 айында отраша бағам сәйкесінше 195,90 және 178,35 теңге/АҚШ долары құрады; 2015 жылдың 30 қыркүйегіндегі және 2014 жылдың 31 желтоқсанындағы бағам сәйкесінше 270,40 және 182,35 теңге/АҚШ доллары құрады).

[2] Ресейге мұнай  Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы үкіметаралық келісім бойынша өзара жеткізу міндеттемелерін орындау шеңберінде жөнелтіледі. Оның көлемін ҚР Энергетика Министрлігі анықтайды.

[3] Компания  күрделі салымдарды есептеу тәсілін өзгертті. 2013 жылдың 4 тоқсанынан бастап күрделі салымдар негізгі қаражаттар мен материалдық емес активтер ретінде көрсетіледі. Бұған дейін олар негізгі қаражаттар қозғалысына сәйкес негізгі қаражаттар мен материалдық емес активтердің сатып алынуы ретінде көрсетілетін.

[4] Есепті кезеңің соңындағы жағдай бойынша займдар сомасын алып тастағандағы  ақша қаражаттары, олардың баламалары мен басқа да қаржы активтері ретінде есептелінеді.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2015 жылдың алғашқы тоғыз айының қаржылық нәтижелері (437 Кб) Көшіріп алу
Наверх